Алматыда көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына бақылау күшейеді
Алматыда әкім орынбасары құрылыс сапасын тексерді.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Бостандық ауданындағы салынып жатқан тұрғын үй кешендерін аралап көрді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Ол құрылыс компанияларының басшылығына бекітілген эскиздік жобаларға қатаң сәйкес жұмыс жүргізудің маңызын атап өтті.
«Тұрғын үй кешендерінің құрылысы бекітілген жобаларға сай болуы тиіс. Сіздер тұрғындарға не уәде бердіңіздер, соны орындауларыңыз қажет. Әйтпесе, үйлер пайдалануға берілмейді», – деді Бейбіт Шаханов.
Сонымен қатар әкім орынбасары барлық инженерлік желілер техникалық шарттарға сай келіп, тек коммуналдық қызметтердің балансына тапсырылуы қажет екенін айтты.
«Кейінгі кезде құрылыс салушылар инженерлік желілерді басқарушы компанияларға өткізіп, кейін олардан бас тартатын жағдайлар жиілеп кетті. Мұның салдары – тұрғындар үшін қосымша шығын, ал қалалық қызметтер бұл мәселелерді өз күшімен шешуге мәжбүр. Мұндайға жол берілмейді, заң бұзған компанияларға қатаң шаралар қолданылады», – деді ол.
Аралау қорытындысы бойынша тиісті басқармаларға осы бағыттар бойынша бақылауды күшейту, сондай-ақ тұрғын үй кешендерін пайдалануға беру алдында абаттандырудың, көгалдандырудың және ғимараттарды жарықтандырудың сапасын тексеру тапсырылды.