Алматыда халықаралық деңгейдегі студенттік жатақхана ашылды
Алматыда халықаралық деңгейдегі студенттік жатақхана ашылды.
Бүгін Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Халықаралық білім беру корпорациясының (ХББК) жаңа студенттік жатақханасын аралады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
«339 орынға арналған бұл нысан корпорацияның білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламасының бір бөлігі. Жаңа ғимараттың басты ерекшелігі – жатақхана комфорт-класс деңгейінде салынған. Әр бөлме жеке асүймен, санитарлық тораппен және жұмыс аймағымен жабдықталған, бұл студенттердің тұрмысын барынша ыңғайлы етіп, апартамент үлгісіне жақындатады. Ғимаратта бірлесіп оқу мен жобалық жұмысқа арналған коворкинг аймақтары қарастырылған. Жатақхана «ақылды кампус» жүйесіне біріктірілген, ол қауіпсіздік пен қолжетімділікті орталықтан басқаруға мүмкіндік береді. Жалпы аумағы – 3 822,4 шаршы метр, инвестиция көлемі 15 млрд теңгеден асты», – делінген хабарламада.
Сапар барысында Алматы әкімі елімізге өз мамандарын даярлау қажеттігін атап өтті.
«Маңыздысы – түлектердің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы. Қазір біз жиі шетелдік мамандарға жүгінеміз. Қазақстандық мамандар жоқтың қасы. Сондықтан өзіміздің кадрларды өсіріп, олар қала игілігі үшін жобаларды жүзеге асыруы қажет», – деді Дархан Сатыбалды.
Студенттердің тәжірибелік даярлығы үшін ХББК базасында заманауи зерттеу алаңдары жұмыс істейді. Олардың қатарында Samsung және JBL компанияларымен бірлескен жобалар бар. Бұл болашақ архитекторларға, инженер мен дизайнерлерге әлемдік деңгейдегі құрал-жабдықта курстық және дипломдық жұмыстар орындауға мүмкіндік береді.
Университет кампусында FabLab (Fabrication Laboratory), қалалық зерттеу зертханасы, сейсмикалық әсерді зерттеуге арналған бірегей сейсмоплатформа, дрон зертханасы, құрылыс геотехникасы зертханасы, сонымен қатар О.Ю. Пяк атындағы желдету және кондиционерлеу бойынша мамандандырылған зертхана жұмыс істейді.