Жолдағы жанжал: Астанада екі көлік жүргізушісі 15 тәулікке қамауға алынды

Оларға қатысты "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Астанада екі көлік жүргізушісі арасында болған жанжал жұдырықтасуға ұласып, екеуі де 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Оқиға Жұмабаев пен Айнакөл көшелерінің қиылысында болған. Audi мен Chevrolet Cobalt көліктерінің жүргізушілері жолды бөлісе алмай, бір-біріне қол жұмсаған.
Полиция әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде төбелеске қатысты бейнежазбаны анықтап, құқық бұзушыларды жедел түрде ұстаған. Оларға қатысты «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.
«Сот әр жүргізушіге 15 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады. Бұл шешім жолдағы тәртіп бұзушылық пен қоғамдық орындардағы агрессияның алдын алу мақсатында қабылданған», – делінген хабарламада.