Астанадағы халықаралық әуежай маңында LRT-ның алғашқы вагоны көтерілді

Вагон 2025 жылғы қыркүйекке дейін, яғни, жоспарлы сынаққа дейін тұратыны белгілі болды.
Астанада №101 станциясында екі вагоннан тұратын жеңіл рельсті көлік (LRT) құрамын көтеру жұмыстары сәтті жүргізілді, деп хабарлайды City Transportation Systems.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, құрамды көтеру барлық техникалық және қауіпсіздік талаптарын сақтай келе штаттық режимде өтті. Құрамды көтеру – LRT жүйесін салу аясындағы жоспарлы шаралардың бір бөлігі.
Вагондар станцияда 2025 жылғы қыркүйекке жоспарланған сынақтық іске қосу жұмыстарына дейін тұрады.
«LRT жобасын іске асыру – заманауи қалалық көлік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың мобильдігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған. Алғашқы құрамды көтеру – жобаны жүзеге асырудағы маңызды кезең. Біз жұмыс кестесіне сай алға жылжып келеміз, алдағы күзде LRT жүйесінің сынақ жұмыстарын бастаймыз», – деді City Transportation Systems ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев.