Биыл Алматыда 14 борышкер алимент төлеуден жалтарғаны үшін қылмыстық жауапқа тартылды
Олардың арасында 4 миллион теңге табыс тапса да, 1,7 млн теңге борышын өтемеген әке де бар.
Биылғы 10 айда қала прокуратурасының бастамасымен 14 борышкер алимент төлеуден жалтарғаны үшін қылмыстық жауапқа тартылды, деп хабарлады Алматы қаласының прокуратурасы.
Оған қоса, Әлеуметтік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабымен алимент өндіріп алу туралы сот актілерін орындамағаны үшін 253 борышкер әкімшілік жауапқа тартылған.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде 16 мың баланың пайдасына 1 млрд теңгеден астам сомаға алимент берешегі өтелді», – делінген ресми хабарламада.
Бұл ретте Алматы прокуратурасы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, оның ішінде алименттік төлемдерді өндіріп алу жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр.
«Негізгі бағыттардың бірі – кірістерді жасыру жағдайларын қоса алғанда, алимент төлеушілердің міндеттемелерді орындауын қадағалау. Прокуратура алимент бойынша 1 741 757 теңге қарызы бар борышкерді анықтады, ол казинодан 4 миллион теңгеден аса ұтыс ұтқан, алайда үш айдан астам уақыт бойы міндеттемелерін орындаудан қасақана жалтарған. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың үкімімен ол, ҚР ҚК-нің 139-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығын шектеуге сотталды», – деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.