Алматыда туристерге көрсетілген қызмет көлемі 50 млрд теңгеден асты
Мегаполисте 34 жаңа туристік нысан ашылды.
Алматыда 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында туристерді орналастыру саласында көрсетілген қызметтердің көлемі 50,1 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6%-ға артық, деп хабарлады қалалық туризм басқармасы.
Мекеменің дерегінше, мұндай өсім Алматыға ішкі және халықаралық туристер тарапынан қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Қаладағы нөмірлік қор өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға өсіп, 12 552 нөмірді құрады. Қазіргі таңда мегаполисте 377 орналастыру нысаны жұмыс істейді, олардың жалпы сыйымдылығы – 22 768 төсек-орын.
«Алматы туристік орталық ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Жаңа жобалар жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымды жақсартып, қалада демалысты қолжетімді әрі жайлы етеді», – делінген хабарламада.
Биыл жеке инвестициялар есебінен 34 жаңа туристік нысан іске қосылды. Оның ішінде 11 қонақ үй, 1 глэмпинг, 1 капсулалық қонақ үй, 18 хостел және 3 демалыс базасы бар. Бұл Алматының халықаралық аренадағы тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар қала әкімдігі жанындағы жобалық кеңсе 6 794 нөмірге арналған 58 қонақ үй құрылысы жобасы мен 35 туристік нысанның құрылысын бақылауда ұстап отыр.