Алматыда Let’s go green экологиялық апталығы басталды
Қала тұрғындары түрлі интерактивті ойындарға қатысып, экологияға өз үлесін қоса алады.
Алматының Панфилов көшесінде «Жасыл қозғалыс апталығының» салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға қала мен Алмалы ауданы әкімдігінің өкілдері, Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы, Yutong компаниясы, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Мерекелік шара барысында жаяу жүргіншілер көшесі шеберлік сағаттары, ойындар және экологиялық тақырыптағы интерактивті алаңдармен жасыл кеңістікке айналды.
Қытайдың Алматыдағы бас консулы Цзян Вэй ханым қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде екі ел арасындағы экологиялық ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
«Қытай мен Қазақстан – тату көрші, сенімді серіктестер және ежелден достас халықтар. Елдерімізді берік достық пен тұрақты дамуға ортақ көзқарас байланыстырады. Бүгін біз «Таза Қазақстан» бастамасын қолдай отырып, таза әрі жасыл болашақты бірге құрудамыз», – деді Цзян Вэй.
Экология – әр тұрғынның қадамы
Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Руслан Идрисов экологиялық мәдениеттің маңыздылығын атап өтті:
«Экология – бұл тек ұран емес, нақты іс-әрекет. «Жасыл қозғалыс апталығы» сияқты шаралар азаматтарды оң өзгерістерге тартуға көмектеседі. Бүгін біз тағы бір нақты қадам жасаудамыз», – деді
Жасыл көлік жүйесінің үлгісі
Орталық Азия бойынша Yutong компаниясының өңірлік директоры Ли Хайфэн компанияның Алматы қаласындағы көлік инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесін айтты:
«Жасыл түс – қаланың дамуының негізі, ал төмен көміртекті тәсіл – болашақ көліктің бағыты. Алматы көшелерінде жүрген қос қуатты троллейбустарымыз шығарындыларды азайтып, жүрісті қауіпсіз әрі жайлы етуде. Болашақта электробустар мен “ақылды” көлік шешімдерін енгізу арқылы әкімдікпен ынтымақтастығымызды жалғастырамыз».
«Таза Қазақстан» бағдарламасымен үндес
Алматы қаласы Экология департаменті басшысының орынбасары Мадияр Қожекенов жобаның ел көлеміндегі экологиялық бағдарламалармен байланысын атап өтті:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы халық арасында кең қолдау тапты. Бүгінгі «Жасыл қозғалыс апталығы» – әрбір азаматтың экологиялық жауапкершілікке қосқан үлесінің айғағы».
Алматылықтар жасыл болашақты таңдайды
Шара салтанатты түрде лента қию рәсімімен және түрлі интерактивті белсенділіктермен аяқталды. Қала тұрғындары велосипед көмегімен пластикті ұсақтайтын құрылғыны байқап көрді, балалар пластикті қайта өңдеу бойынша шеберлік сағаттарына қатысты, ал ересектер төмен көміртекті қалалардың виртуалды әлеміне еніп, болашақпен танысты.