Алматыда 10-14 қазанда қуыршақ театрының фестивалі өтеді

0 12


                                                                                                                                                                                                                                                        Алматыда 10-14 қазанда қуыршақ театрының фестивалі өтеді

Оған Қазақстаннан бөлек, 10 елден 150-ге жуық кәсіби қуыршақ шебері қатысады.

10-14 қазан аралығында Алматыда III Халықаралық Almaty Puppet Festival қуыршақ театрлары фестивалі өтеді, деп хабарлады Мемлекеттік қуыршақ театрының баспасөз қызметі. 

Өнер додасына Италия, Испания, Иран, Үндістан, Ресей, Болгария, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан елдерінен келген 15 үздік театр ұжымы мен 150-ге жуық кәсіби қуыршақ шебері қатысады. Олар өздерінің үздік қойылымдарын ұсына отырып, «Үздік спектакль», «Үздік режиссер», «Үздік актерлік ансамбль», «Үздік қуыршақ жүргізуші», «Үздік суретші» және «Жаңашыл көзқарас» сынды номинациялар бойынша бақ сынайды. Фестиваль қорытындысында жеңімпаздарға арнайы қаржылай сыйақылар табысталады. 

«Өнер мерекесі барысында қойылымдар көрсетілімімен қатар, халықаралық театр мамандары мен қуыршақ өнерінің майталмандарының қатысуымен кәсіби тәжірибе алмасуға бағытталған «Қуыршақ театрының өнер тарихындағы орны», «Қуыршақ шеберлерінің қол энергиясы», «Күрес алаңының кеңеюі: XXI ғасырдағы қуыршақ театрының жаңа кеңістіктері» тақырыбында шеберлік сағаттар мен авторлық дәрістер өтеді. Бұл кездесулер отандық және шетелдік мамандар үшін кәсіби дамуға, тәжірибе мен жаңа идеялар алмасуға бірегей мүмкіндік болмақ», – делінген театр таратқан хабарламада. 

Almaty Puppet Festival – әлемдік және отандық қуыршақ театрының даму үрдістері мен жаңашыл бағыттарын айқындайтын бірегей алаң. Фестиваль Алматы қаласының мәдени өмірін байытып қана қоймай, оның халықаралық деңгейдегі рухани және шығармашылық имиджін қалыптастыруға зор үлес қосады.

Еске салайық, 1935 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің бастамасымен негізі қаланған еліміздің тұңғыш Мемлекеттік қуыршақ театры биыл өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтуде. 

Leave A Reply