Алматы тауларында 20 жастағы жігіт жоғалып кетті: іздестіру жұмыстары басталды

0 43


                                                                                                                                                                                                                                                        Алматы тауларында 20 жастағы жігіт жоғалып кетті: іздестіру жұмыстары басталды

Іздестіру жұмыстары 4147 метр биіктіктегі "Жастар" шыңының маңында басталды.

Алматы тауларында 20 жастағы жігіт жоғалып кетті, деп хабарлайды қалалық ТЖД баспасөз қызметі.

ТЖД мәліметінше, 27 шілде күні сағат 23:02–де Медеу ауданында іздестіру-құтқару операциясы басталған. Ол таңертең тауға шығып, бірақ қайтып оралмаған. Жігіт тауда жүргенде жаңбыр мен бұршақ жауып, 4000 метр биіктікте қар түскені белгілі.

«Іздестіру жұмыстары 4147 метр биіктіктегі «Жастар» шыңының маңында басталды. Операцияға «Медеу» құтқару бекетінен Республикалық жедел-құтқару жасағының мамандары және «Тұйық-Су» бақылау-құтқару пунктінің құтқарушылары жұмылдырылды. «Жастар», Титова және Т1 шыңдары тексерілген, алайда жігіт табылмады», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Мыңжылқы шатқалында жедел штаб құрылған, іздестіру жұмыстары дрон және иісшіл иттер арқылы жүріп жатыр.

«Қазавиақұтқару» тікұшағы ұшуға дайын болғанымен, ауа райының қолайсыздығы — 1800 метрден жоғары бұлт, найзағай және секундына 20 метрге дейін жететін жел әуе көлігінің көтерілуіне кедергі келтіріп отыр», – деп мәлімдеді ТЖД.

Leave A Reply