2026 жылы Алматының Әл-Фараби даңғылында автобус жолағы болуы мүмкін
Мұндай жолақ Саин көшесі мен Шығыс айналма жолға да салынады.
Әл-Фараби даңғылы, Саин көшесінде және Шығыс айналма жолдың кейбір бөлігінде қозғалыс тіпті қиындап кетуі мүмкін, деп жазды Kolesa.kz.
Алматы билігі осы бөліктерге және Рысқұлов даңғылына қоғамдық көлік жүретін жолақ сызу жобасын талқылап жатыр. Шенділер оны қабылдаса, құрылыс келер жылы басталуы ықтимал.
«Саин, Әл-Фараби және Шығыс айналма жол бойымен жүретін BRT салу жоспары көлік жүйесінің бас жоспарында бар. Билік бұл жобаны 2030 жылға дейін аяқтауды көздеп отыр. Алайда былтыр қаңтарда құжатты таныстырған кезде мерзімді нақты көрсетпеп еді. Тек 11 бөлек жолақ 2027 жылға дейін, қалған 28 жолақ 2027-2030 жылдары салынатынын айтты», – деп жазылған хабарламада.
Әкімдік өкілдері Бостандық ауданындағы Үшкемпіров, Арайлы, Жәңгір хан, Сапарлы жол және Центральная көшелерінің кейбір бөлігін төрт жолаққа дейін кеңейту мүмкіндігін қарастырып жатырмыз деп мәлімдеді. Қазір жауапты басқарма инженерлік зерттеу жүргізіп, жобалау үшін қажет дерек жинап жатыр.