«10 жылға ғана жетеді». Жақын арада Алматыда адам жерлейтін орын болмайды

0 4


                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                            "10 жылға ғана жетеді". Жақын арада Алматыда адам жерлейтін орын болмайды

Бүгінде Алматы мен Алматы облысы әкімдігі бірлесіп қала сыртынан жер бөлуді қарастырып жатыр.

Жақын арада Алматыда адам жерлейтін орын болмайды. Қазір қаладағы 9 зиратта ғана жер қалған. Бірақ ол да көп болса 10 жылға ғана жетеді екен, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Енді әкімдік марқұмдардың орнын іргедегі ауылдардан іздеп көрмек. 

Қазақта “Өлі разы болмай, тірі байымайды” деген сөз бар ғой. Бірақ жуырда сол марқұмдарды жерлейтін Алматыда жер қалмайын деп тұр. Қала аумағында жалпы 70 зират болса, қазір соның 61-інде орын жоқ. Олар тіпті әкімдіктің шешімімен жабылып та қалған. 

Алматыда негізі бейіттен бір адамға 6 шаршы метрден артық жер берілмейді. Алайда бұлай шектегеннің өзінде зиратта орын тапшы. Әкімдік өкілінің айтуынша, қорымның көбі тіпті 15-20 жыл бұрын толған. Енді 7-10 жылға ғана жететін 9 мола қалды. 

«Өздеріңізге белгілі Кеңсай, Батыс, сонымен қатар қаланың төмен жақтарында орналасқан зираттар бар. Жалпы сол зираттардағы бос жерлерді алғанда бүгінде 63 гектар бос жер бар», – деді Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы. 

Басқарма өкілінің айтуынша, бүгінде Алматы мен Алматы облысы әкімдігі бірлесіп қала сыртынан жер бөлуді қарастырып жатыр. 

Ауылдың бірінен зиратқа орын табылса, ол аумақ мегаполистің қарамағында болады. Бірақ бұған алматылықтардың өзі алаңдаушылықпен қарайды. Облыстан Алматының зиратына алынатын жер көлемі әзірге айтылмады. 

Айта кетсек, қазір қала аумағында адам жерлеудің ресми құны 60 мың мен 100 мың теңге аралығын құрайды. Әкімдік өкілінің сөзіне сенсек, бұл қабір қазудың ақысы және ол мемлекет қазынасына түседі екен.

Leave A Reply