15 қыркүйектен бастап Астана мен Алматыдағы жұмыс кестесіне өзгеріс енгізіледі
Алматыда енді жұмыс күні 8:30-да басталады.
Бір аптадан кейін Астана мен Алматыда жұмыс уақыты өзгереді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Елордадағы бірқатар ұйымдар таңғы 7:30-дан жұмысқа кіріссе, Алматыда жергілікті атқарушы органдардың жұмыс күні енді 8:30-дан басталмақ. Бұл өзгерістер қала көшелеріндегі кептелісті азайту үшін енгізіліп отыр.
15 қыркүйектен бастап Алматыда жергілікті атқарушы органдардың жұмыс күні жарты сағатқа ерте – 8:30-да басталады.
Алматы қаласы әкімінің қаулысымен жергілікті атқарушы органдардың жұмыс режиміне өзгерістер енгізілді. Қызметкерлердің бір бөлігі үшін тараптардың келісімі бойынша икемді жұмыс кестесі қарастырылды. Жұмыс күнінің басталуы 9:00-ден 8:30-ға ауыстырылып, түскі үзіліс 1 сағаттан 1,5 сағатқа дейін ұлғайтылды, делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Алматыдағы кептелісті азайту үшін жоғары оқу орындары мен колледждерге сабақ бастау уақытын әртүрлі кесте бойынша ұйымдастыру ұсынылып отыр. Яғни, білім алушылардың бір бөлігіне сабақ 8:00-де басталса, енді бір бөлігі таңғы оннан бастап оқиды.
Сондай-ақ, әкімдік қашықтан жұмыс істеу нұсқасын да қарастырып жатыр. Егер бұл бастама мақұлданса, қызметкерлердің 30%-ға дейінгі бөлігі онлайн режимде жұмыс істей алады.
Айта кетейік, 15 қыркүйектен бастап Астанада да өзгерістер енгізіліп, бірқатар ұйымдардың жұмысы 7 жарымнан басталады.