«Шымбұлақта» арқанжол істен шығып, туристер эвакуацияланды
Эвакуация сағат 14:54-те толық аяқталды.
Бүгін, 10 қыркүйекте, Алматыдағы «Шымбұлақ» тау курортында «Комби-2» арқанжолы уақытша тоқтап қалды. Кабиналарда 20 турист пен РОСО-ның сегіз құтқарушысы болған.
Курорт әкімшілігінің хабарлауынша, сағат 12:26-да ақау тіркеліп, қалпына келтіру жұмыстары басталды. 12:48-де арқанжол резервтік қозғалтқышқа қосылып, қонақтарды эвакуациялау жүргізілді. Барлық туристер мен құтқарушыларға ыстық сусындар ұсынылып, қауіпсіз жерге жеткізілді.
Эвакуация сағат 14:54-те толық аяқталды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Қазір техникалық мамандар арқанжолдың тұрақты жұмысын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
«Түсіністік, шыдамдылық және сенім білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамыз», – делінген курорт әкімшілігінің хабарламасында.