Көпқабатты үйдің кіреберісін өз қаражатына жөндеген тұрғынға полиция айыппұл салды
Ал заңгер мәселені ескертумен шешуге болатын еді дейді.
Алматыда көпқабатты үйдің кіреберісін өз қаражатына жөндеген тұрғынға полиция айыппұл салды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Құқық қорғау органдары оның бұл әрекетін жалпыға ортақ мүлікті бүлдіру деп таныған. Ал тұрғын оқиғаның барлығын видеоға түсіріп алыпты. Кадрда ер адам полиция қызметкерінен айыппұлдың себебін сұрап, түсініктеме талап етеді. Өз кезегінде учаскелік инспектор азаматтың тұрғын үй ережелерін бұзғанын айтқан.
Видеожазба авторының сөзіне қарағанда, ол кіреберісті өз қаражатына жөндеп, құрылыс қалдықтарын кешке дейін жинап тастауға уәде берген. Дегенмен күндіз келген инспектор 39 мың теңге көлемінде айыппұл жазып кеткен. Ал заңгер мәселені ескертумен шешуге болатын еді дейді.
«Бұл жерде ҚР әкімшілік кодексінің 505-бабының 1-бөлігінің талаптарына сай. Учаскелік полицейлердің барлық іс-әрекеті заңға сай. Бірақ бейнежазбада ремонт жасап жатқан азамат бірінші рет ескерту бермейсіздер ме деп сұрап жатыр. Негізі бұл заң бойынша алдымен ескерту беру қарастырылған. Ал адами тұрғыдан қарағанда, кешке қарай инструменттерін жинап алып кетсе, мен ешқандай заңбұзушылық көріп тұрғаным жоқ», – деді заңгер Қуат Ауғанбек.