Экологиялық рейд: Алматыда дизельді көліктердің жартысы түтін нормасын бұзған
Алматыда автокөлікті тексеру күшейтілді.
Алматыда жылжымалы экологиялық зертханалар көмегімен автокөліктердің шығарындыларын тексеру бойынша рейдтер тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл туралы қала экология басқармасының өкілдері хабарлады.
Рейдтер Алматы әкімдігі бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес Eco Almaty ЖШС мен жол полициясы қызметкерлерінің бірлескен жұмысы аясында өтіп жатыр. Негізгі мақсат — ауаның ластануын азайту, пайдаланылған газдардың улылығын анықтау және экологиялық талаптарды бұзатын көліктерді анықтау.
2025 жылғы 4–10 қазаны аралығында мамандар 224 көлікті тексерген. Оның ішінде:
- 138-і бензинмен немесе газбен жүретін көлік болса, 23-інде зиянды заттардың рұқсат етілген деңгейден асқаны анықталған;
- 64 дизельді көліктің 26-сы түтін шығару мен уыттылық нормаларын бұзған.
Экология басқармасының мәліметінше, тұрақты мониторинг ластану көздерін ерте анықтап, оларды жою шараларын жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қала ауасының сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Бұған дейін Алматыда «Атмосфералық ауаны қорғау саласында арнайы экологиялық талаптарды енгізу туралы» қағида жобасы әзірленген болатын. Құжаттың басты мақсаты — мегаполистегі ауа ластануын жүйелі түрде азайту.
Сарапшылардың айтуынша, қаладағы шығарынды көлемінің 60%-ы автокөліктерден, ал қалған бөлігі жеке тұрғын үйлер мен өндіріс орындарынан бөлінеді. Жаңа ережелерді енгізу, әсіресе қыс мезгілінде, алматылықтардың өмір сүруіне қолайлы экологиялық жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.