Алматыда Дулати көшесінің бір бөлігі уақытша жөндеуге жабылады
Қозғалыс 8 шілде күні сағат 22:00-ден 9 шілде сағат 06:00-ге дейін жабылады.
Алматыда Дулати көшесінің бір бөлігінде орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
8 шілде күні сағат 22:00-ден 9 шілде сағат 06:00-ге дейін «Қазселқорғау» ғимараты маңындағы көпірден бастап «Ұлытау» мейрамханасына дейінгі аралықта көлік қозғалысы жабылады.
9 шілде сағат 22:00-ден 10 шілде сағат 06:00-ге дейін «Ұлытау» мейрамханасынан бастап «Тілек Тас» мейрамхана кешеніне дейінгі аралықта қозғалыс шектеледі.
«Жөндеу жүріп жатқан учаскеде ескерту белгілері мен мердігер ұйым басшысының байланыс мәліметі көрсетілген ақпараттық тақталар орнатылады. Осыған байланысты, маршрутыңызды алдын ала жоспарлауыңызды сұраймыз. Қозғалысты шектеуге қатысты барлық ақпарат @AlmatyJoly Telegram арнасында, аудан әкімдіктері мен басқармалардың әлеуметтік желілерінде, сонымен қатар 2GIS және «Яндекс карталар» сервистерінде жазылған», – делінген хабарламада.